«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, қолға алынған «геоақпараттық портал» жыл соңында іске қосылады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Маулен Айманбетов БАҚ өкілдеріне берген брифингінде баяндады.
Бүгінгі күнде, қалалық мәслихаттың кезекті сессия отырысында, аталған жобаның қаржыландырылуы мақұлданып және осы бойынша заң талаптарына сәйкес тиісті мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы портал - қала аумағындағы нысандар мен процестер туралы шынайы және өзекті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Жоба аясында сәулет және жер қатынастары саласында кәсіпкерлік бағытындағы процестерді автоматтандыру, қызмет көрсету сапасын жоғарылату және мерзімін қысқарту жоспарлануда.
Атап айтқанда, сәулет-жоспарлау тапсырмасын және инженерлік коммуникацияларға қосылуға арналған техникалық шарттарды алу, оларды келісу және құжаттарды беру секілді процестерін геоақпараттық сервис арқылы автоматтандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Сервис арқылы кез келген қала тұрғыны (инвесторлар, кәсіпкерлер және т. б.) жер учаскесі туралы, оның кадастрлық құны, кепілдік жарнасы, жер учаскесінің орналасқан жері және өзге де ақпаратты көре алатындай етіп әзірленеді.
Геопартал үеден шықпай-ақ қызмет алуға, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қаланың коммуналдық ұйымдары арасында құжаттарды келісу процестерін толық автоматтандыруға мүмкіндік береді. Жүйе қызмет көрсетудің барлық тізбегін электрондық нысанға көшіруге, оларды көрсетудің нақты мерзімін 3-6 күнге дейін қысқартуға, қызмет беруші мен қызмет алушының тікелей байланысын болдырмауға, Халыққа қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге, әкімдік қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.