Қазақ кино индустриясы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Мәдениеттегі өзгерістерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жаңа жобалардың жүзеге асуына жағдай жасалуда. Бүгінгі көрерменнің талғамы жоғары, олардан талап та көп. Сол үшін кино саласының мамандары үнемі ізденіп, білімін жетілдіруі қажет. Ал Шымкенттегі City Mall-да өткен басқосу – осы ізденістердің нақты көрінісі, кино әлеміне келген тағы бір жаңашылдық болды.
Қазақстан кино күніне орай ұйымдастырылған бұл жиын Global Tech Wave Central Asia халықаралық конференциясының арнайы бағдарламасын ұсынды. Іс-шара қазақстандық киногерлерді ғана емес, Голливудтан келген тәжірибелі сарапшыларды да тоғыстырды. Мұнда кәсіби мамандар тек тәжірибе алмасып қана қоймай, кино өндірісінің жаңа бағыттарын, трансмедиалық форматтарды және цифрландыру дәуіріндегі мүмкіндіктерді бірге талқылады.
Басқосуға медиа, кино және креативті экономика саласында тәжірибесі мол Ален Ниязбеков, Netflix пен Lucasfilm жобалары арқылы танылған актер Кристофер Шон және Six Studios пен 247 Comics компанияларының негізін қалаушы, продюсер әрі кәсіпкер Карл Чой арнайы келді. Олардың ой-пікірлері қазақстандық продюсерлер, режиссерлер, инвесторлар және мәдени ұйым өкілдері үшін ерекше қызықты әрі пайдалы болды.
Сонымен бірге, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы да өз бастамаларын ортаға салып, халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған жаңа жобаларын таныстырды. Киностудияның баспасөз және PR бөлімінің жетекшісі Гүлнар Дарибаева қазақстандық киноның әлемдік деңгейге шығуы үшін жасалып жатқан нақты қадамдарға тоқталды.
Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы мәдени өзгерістерге жоғары баға беріп, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендігін білдірді. «Бұл кездесу – тәжірибе алмасудан бөлек, жаңа серіктестіктердің бастауы. Қазақстан киносының әлемдік аренадағы орнын күшейтуге негіз болады», – деді GTW Central Asia өкілдері.
Шымкентте өткен бұл басқосу – ұлттық киноның болашағына сенім сыйлаған маңызды оқиға. Ол қазақстандық контентті жаһандық деңгейге ілгерілетудің тағы бір нақты қадамына айналмақ.
«Шымкент келбеті»