Ғылым қызметкерлері күні: «Сандар сыры» атты шығармашылық көрмемен басталды

Ғылым қызметкерлері күні: «Сандар сыры» атты шығармашылық көрмемен басталды

12 сәуір — Ғылым қызметкерлері күні. Кәсіби мереке қарсаңында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде ғылым апталығы басталды. Апталық Қазақстан Республикасының Құрметті ұстазы, ОҚМПУ көркем сурет үйірмесінің жетекшісі Алмас Қалықовтың «Сандар сыры» атты жеке шығармашылық көрмесімен басталды. Көрменің ашылу салтанатында ОҚМПУ ректоры Гүлжан Сүгірбаева сөз алып, жиналған қаумды мерекемен құттықтады.

Оқу ордасының «Шаңырақ» ғимаратында ұлағатты ұстаздың туындылары қойылды. Көрмедегі туындыларда әр жасырын тұрған сандардың мағынасы өлеңмен көмкерілген. Алмас Шулезбайұлы суреттегі идеяның қалай туындағанын, өлең жолдарының қалай шыққанын айтып берді.

– Көрмеге 11 туынды қойылды. Әр бейнеде 0-ден 10-ға дейін сан бар. Шығармамның сандар бағытына бұрылуына студенттерім себепші болды. Бір күні сабағымда шрифт түрлерін түсіндіріп, оларға графемаларды жаздырған едім. Сонда студенттердің дәптерге түсірген сандарының сөйлеп тұрғанын байқадым. Әр елдің әрпі әртүрлі болғандықтан, оны екінші ел түсінбеуі мүмкін. Ал санды барлығы дерлік ұға алады. Содан, әр санның мағынасын зерттей бастадым. Зерттеу барысында өлең де өздігінен шыға бастады, – деді Алмас Қалықов.

Шығармашалық кеш университеттің Қоғамдық кәсіптер орталығы мен Өнер және білім факультетінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылып, ұстаз мәртебесін ұлықтауға арналды. Ғылым қызметкерлеріне арналған бұл іс-шара апта соңына дейін жалғасады.