Шымкент қаласында тұрғындарға құқықтық кеңес беру мақсатында дәстүрлі «Халық заңгері» атты республикалық акция ұйымдастырылды. Іс-шара аясында қала тұрғындарына адвокаттар, нотариустар, сот орындаушылар мен түрлі мемлекеттік мекеме өкілдері тегін кеңес берді.
Шымкент қаласы адвокаттар алқасының жеке дара адвокаты Абдығани Ибатов іс-шараның мақсатына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінгі акция қала тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. "Қазір тұрғындар әртүрлі мәселелермен келіп жатыр. Мысалы, алимент өндіре алмай жүрген аналар, алаяқтарға алданып қалған азаматтар, жер мәселесіне қатысты сұрақтар қойғандар бар. Барлығы да осы жерден заңгерлерден өз сауалдарына нақты жауап алып жатыр", деді ол.
Адвокаттың айтуынша, «Халық заңгері» акциясы ай сайын өткізіліп тұрады. Егер белгілі бір мәселе бірден шешімін таппаса, келесі айда тұрғындар қайтадан келіп, кеңес алуға мүмкіндік алады. Ең бастысы, тұрғындарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, мәселесін шешуге көмектесу маңызды.
Кеңес алғандардың бірі, қала тұрғыны Ирина Раченкова. Ол мұндай акцияның халыққа пайдасы бар екенін айтып отыр. "Маған заңгерлер өте көп көмектесті. Барлық сұрағыма толық жауап берді. Әсіресе пәтер мәселесі бойынша кеңес алдым. Бұл сұрақ көптен бері шешілмей жүрген еді. Өз адвокатымызға да жүгінеміз, бірақ процесс ұзаққа созылып кетті. Мұндағы заңгерлер де дәл сондай түсініктемелер берді. Бәрін кезең-кезеңімен қалай шешу керегін айтты. Кеңестері пайдалы болды", - дейді ол.
Айта кетейік, «Халық заңгері» акциясы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде тұрғындар өздерін толғандырған құқықтық мәселелерге байланысты тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болады. Шымкентте өткен іс-шара барысында да қала жұрты көкейіндегі сұрақтарына жауап алып, кәсіби кеңес алды.
Жадыра МҮСІЛІМ, "Шымкент келбеті"