Тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Шымкентте жылыжай кешендерінің саны мен оған көрсетілетін мемлекеттік қолдау үлесі жыл санап артып келеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған өндірістік жылыжай кешендерінің бірі - «Иляев» ЖК. Қаратау ауданы Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан нысанның аумағы 2,2 гектарды құрайды.
«Иляев» жылыжайы түркиялық стандартқа сай келетін жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталып, инновациялық жүйедегі заманауи технологиялармен қамтылған.
Жылына 600 тоннаға дейін қызанақтың «Мерлис» және «Пембе» сорттарын өндіреді. Қазіргі таңда жылыжай кешенінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бұл жерде тек экологиялық таза көкөністер өндіріледі. Оларды өсіруде қолданылатын технология су мен тыңайтқыштарды және басқа да ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкер Берік Иляев 2022 жылы жылыжай аумағын 4 гектарға ұлғайтып, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, қазір тауарлар қаланың азық-түлік дүкендері мен базарларында қолжетімді. Кәсіпкер алдағы уақытта өз өнімдерін көршілес елдерге экспортқа шығаруды көздеп отыр.