​Иманбек «Грэмми» сыйлығын жеңіп алды

​Иманбек «Грэмми» сыйлығын жеңіп алды

Қазақстандық музыкант және ди-джей Иманбек Зейкенов "Грэмми" сыйлығын жеңіп алды, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында хабарлады.

"Музыканттың карьерасындағы ең тамаша жетістік – Grammy жеңіп алу, біз оған қол жеткіздік!", - деп жазды Иманбек.

Иманбек ата-анасына, өзінің командасына және менеджері Кириллге, сондай-ақ Grammy ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.

Айта кетейік, Павлодар маңындағы Ақсу қаласында тұратын Иманбек Зейкенов бұған дейін теміржолда жұмыс істеді. Музыканы бала күнінен хоббиге айналдырып,әкесінен гитара тартуды үйренген.

Иманбек SAINt JHN орындайтын Roses әніне ремикс жасағаннан кейін танымал болды. Оның туындысын әлем халқы Youtube-те 234,5 миллион рет көрді.

Әлемдегі ең танымал әртістермен бірге музыка жазып жатыр. 12 ақпанда британдық әнші Rita Ora мен Иманбек Bang атты жаңа мини-альбом шығарды.

"Грэмми" (Grammy) - 1959 жылдан бастап Американың Ұлттық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы (NARAS) тапсыратын музыкалық сыйлық.

Биыл сондай-ақ Леди Гага, Ариана Гранде және Бейонсе де "Грэмми" иегері атанды.