Инфрақұрылым мәселелері түбегейлі шешіліп келеді

Инфрақұрылым мәселелері түбегейлі шешіліп келеді

2021 жылы 2 қосалқы стансаның құрылысы жүргізіліп, нәтижесінде 21,3 мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтылды. Бүгінгі таңда базардағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электр энергиясына қол жеткізді. Ол шамамен 97 пайыз көрсеткішті құрайды. 2024 жылға қарай электр қуатымен қамтылу деңгейі 99 пайызға жетпек. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков мәлімдеді.

Қаланың бас энергетигінің айтуынша, 2022 жылы 12 нысанның құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 1 қосалқы станция салынып, 22 мыңға жуық халық сапалы электр қуатына қойылмақ.

-2021 жылы Тұран, Асар-2, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Батыс, Жаңатұрлан, Ақтас-2, Жаңаталап, Сәуле, Нұртас елді мекендерінің ауыз су мәселесі түбегейлі шешілді. Биыл Құрсай, Сайрам, Қайнар бұлақ тұрғын алаптарына ауыз су құбыры тартылады. Нәтижесінде сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 99 пайызға жеткізілмек, - деді Боранбай Нығметұлы.

Б.Болатбековтің айтуынша, 2021 жылы Тұран шағынауданындағы кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, ондағы көпқабатты тұрғын үйлер кәріз жүйесіне қосылған. Одан бөлек, Наурыз шағынауданының 3,5 мың және Самал-1 шағынауданындағы 22 мыңдай тұрғын кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде қала тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 52,3 пайыздан - 54 пайызға жетті. 2022 жылы 2 магистралды кәріз коллекторының, 1 кәріз сорғы станциясының және 13 ішкі орамдық жүйенің құрылыс жұмыстары жүргізілмек.

Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша үшінші мегаполисте 104 көше жарықтандырылған. Қалада жарық шамдар орнатылған маңызды көшелер саны 324-ке жетіп, қамту көрсеткіші 30 - дан 43,4 %– ға өсіп отыр. Бұл нәтижені арттыру мақсатында биыл қосымша тағы 102 көшені жарықтандыру жоспарлануда. Осыған байланысты қазіргі таңда аталған жобаның ЖСҚ-сы әзірленіп жатыр. Жоспарға сай 2022 жылдың соңында жарықтандырылған көше саны 426-ға жетіп, қамтылу деңгейі 43,4%-дан, 57%-ға өсуі тиіс.