Инфрақұрылым мәселесі кезеңімен шешіліп келеді

Инфрақұрылым мәселесі кезеңімен шешіліп келеді

Шымкентте алғашқы жартыжылдықта экономиканың базалық секторлары бойынша тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Қала экономикасының қуат алуы ішкі резервімізді жүйелеп, инфрақұрылымдық жобаларды табысты іске асыруға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Shymkentaqparat қала әкімінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Қазіргі сәтте қаладағы 81 шағынаудан мен тұрғын алаптың ішінде 5 елді мекен ауыз су жүйелерімен жартылай қамтылған болса, 7 елді мекен ауыз су тасымалына тәуелді. Биыл сумен қамту бойынша 16 млрд теңгеге 14 жобаның құрылысы басталды. Оның ішінде ауызсуды тасып отырған 7 елді мекеннің тұрғындары мен су жүйелерімен жартылай қамтылған 2 елді мекенге су жеткізетін 3 магистралды жүйенің және 11 елді мекенде ішкі орамдық су жүйелерінің құрылыстары жүргізілуде.

Кәріз жүйелері бойынша 7 млрд. теңгеге 13 нысанның құрылыстары қолға алынды. Оның ішінде 3 магистралды және 10 ішкі орамдық кәріз жүйелері салынып, орталықтандырылған кәріз жүйелерімен қамтылған тұрғындар үлесі 54 пайызға жетпек.

Ал сапалы электр энергиясымен қамту үшін биыл 9,6 млрд теңгеге 14 нысанның құрылысы басталды. Электр желілерін жаңарту жұмыстары ең алдымен электр энергиясының сапасы төмен болып отырған 16 елді мекенді қамтиды.

Бүгінгі таңда қалада 33 елді мекеннің тұрғындары табиғи газбен жартылай қамтылған болса, 8 елді мекенге газ жүйелері тартылмаған. Биылғы жылы халықты газбен қамту саласына 6,2 млрд теңге қаралып, 18 нысанның құрылысы басталды. Нәтижесінде газ тарату станциясы іске қосылып, 11 мыңға жуық тұрғын газ жүйелерімен қамтылмақ. Жыл соңына дейін қала тұрғындарын газбен қамту көрсеткішін 93 пайызға жеткізу көзделген.

Көлік инфрақұрылымын дамыту міндеттері шеңберінде биылғы жылы 163 көшені күрделі және орташа жөндеуден өткізу жұмыстары басталды. Қаладағы басты транспорттық артерия – Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары қарқынды түрде іске асырылуда. Ұзындығы 31,6 шақырымды құрайтын А-2 автомагистралі қайта құрылымдаудан өткізіліп отырса, оңтүстік және шығыс айналма жолдарының және 2 жолайырықтың құрылыстары жүргізілуде.

Бұл жұмыстардың барлығы қаланың коммуналдық инфрақұрылымының сапасын мақсат тұтып, көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін бермек.

Фото:Ашық дереккөз