Шымкент қаласында «Shymkent Invest» фронт-офисі тұрақты түрде жұмыс істейді. Ұйым жергілікті және шетелдік инвесторларға инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында толық қолдау көрсетеді. Бұл қолдау шаралары жоба идеясы басталғаннан пайдалануға берілгенге дейін жүзеге асырылады, сондай-ақ экспорттау және даму қаржыландыруы бойынша да қызметтер көрсетіледі.
«Shymkent Invest» фронт-офисі арқылы инвесторлар мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. Бұл жүйе инвесторларға барлық қажетті құжаттарды дайындау, жиналыстар ұйымдастыру және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңестер беру сияқты қызметтерді ұсынады.
Сонымен қатар, «Shymkent Invest» ЖШС мен Шымкент қаласының прокуратурасы арасында ынтымақтастық аясында инвесторлардың проблемалық мәселелерін шешу мақсатында кеңсеге тұрақты түрде прокуратура қызметкері бекітілген. Осылайша, инвесторлардың мәселелері жедел түрде шешіліп, олар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалады.
«Shymkent Invest» ЖШС қала әкімінің бастамасымен құрылған және инвестициялық жобаларды қолдауда маңызды рөл атқарады.