Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты
Қала басшысының айтуынша, Шымкент өткен жылдың желтоқсан айында пандемияға үш кезең бойынша дайындалған.
"1 ақпаннан бастап вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Шымкенттің 239 506 тұрғыны вакцинаның бірінші компонентін, ал 141 328 тұрғыны екі компонентін де алды. Бұл – вакциналанатын тұрғындардың 44 пайызы. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент көш басында. Иммундау шарасынан өткендердің басым бөлігі педагогтар" - деді Мұрат Дүйсенбекұлы өз есебінде
Қазір мегаполисте азаматтарды вакцинациялау үшін қалада 43 егу бекеті жұмыс істеп тұр. Мұнан бөлек 25 жылжымалы егу пункті бар.
Жаппай вакцинациялау алгоритміне сәйкес, қала тұрғындары вакцинаны жергілікті емханалардың егу кабинеттерінде арнайы тізім және алдын ала жазылу тәсілі бойынша салдырады.
Бүгінге дейін қалаға барлығы 394 545 доза ковидке қарсы вакцина жеткізілген.