Қайтарымсыз грант: Бірінші лекте 115 шымкенттік бизнес-жобасына грант ұтып алды

Қайтарымсыз грант: Бірінші лекте 115 шымкенттік бизнес-жобасына грант ұтып алды

Шымкентте биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы шеңберінде 447 адамға 400 АЕК дейінгі мөлшерде мемлекеттік грант беру жоспарланған. Өтініштер төрт лек бойынша комиссияда қаралып, мақұлданады. Алғашқы лекте шымкенттіктерден 3100 өтініш түсіп, оның 115-і грант ұтып алды.

Мемлекеттік грант алған жандардың 17-і мүмкіндігі шектеулі азамат, 58-і көп балалы отбасы, 15-і мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған жан, 12-і асыраушысынан айрылғандар, 13-і атаулы әлеуметтік көмек алатын аналар. Қайтарымсыз грант алған жандар кәсібін дөңгелетіп, ісінің аясын кеңетуге осылайша мүмкіндік алды.

Қазіргі таңда мемлекеттік грант берудің 2-легі бойынша өтініштер толық қабылданды. Бұл жолы 2893 азамат бизнес-жобасын ұсынды. Жобасын комиссия алдында қорғап шыққан үміткерлердің нәтижелері «Business.enbek.kz» порталындағы жеке кабинеттеріне хабарлама ретінде жолданады.

Айта кетейік, мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ғана ала алады.