Шымкент қаласының тұрғыны Жәнібек Арапбаев «Еңбек» бағдарламасы арқылы 555 650 теңге (200 АЕК) көлемінде мемлекеттік грант алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Жәнібек Исабайұлының отбасы көп балалы ретінде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Өткен жылы отағасы мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін Жұмыспен қамту орталығына барып, қайтарымсыз грантқа өтінім білдірген. «Мал шарушылығы» бойынша бизнес-жоспарын сәтті қорғап, берілген қаржыға 3 бас ірі қара алған.
– Отбасылық кәсіпті бастауға мемлекеттік бағдарламаның көмегі тиді. Қазір мал бордақылауды қолға алдық. "Мал баққанға бітеді" деген. Бүгінге дейін күнкөрістің қамына айналған ата кәсіппен шұғылданғандардың ырысы мол. Бастапқыда алған 3 бас ірі қара бүгінде 5 басқа көбейді,– дейді кәсіпкер.
Айта кетсек, өткен жылы бағдарлама аясында 4 828 адам мемлекеттік грантқа қол жеткізсе, «Бастау бизнес» жобасына 2 820 адам жолданған. Ал, биыл жыл басынан 600 адам қайтарымсыз қаржы алып,1900 азамат «Бизнес бастау» оқу курсына жіберілді.
Фото: ашық дереккөз