​Қала дамуының басым бағыттары баяндалды

​Қала дамуының басым бағыттары баяндалды

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары туралы баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл басынан бері шаһарда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы тұрақты түрде өтіп жатыр. Бұған 643 мыңнан астам тұрғын, 2 580 кәсіпкерлік нысан мен 720 әлеуметтік мекеме қатысқан. Нәтижесінде 27 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылып, 10 850 техника жұмылдырылыпты. Сондай-ақ қала аумағына 25 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылса, алдағы уақытта тағы 10 мыңға жуық жасыл желек отырғызу жоспарланған. 27 көше көгалдандырылып, жалпы 400 мың шаршы метр аумақ абаттандырылған. Бұдан бөлек, ресми өкіл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қосымша 11,4 мың шаршы метр жерге көгал егіліп, 6 саябақта балалар және спорт алаңдары пайдалануға берілгенін жеткізді. Бұдан бөлек, Қошқар-ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 3,5 шақырым аумақты қамтитын бұл жобаға 1,2 млрд теңге бағытталған.

«Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант беріледі. Осылай деген Сәрсен Абайұлы конкурс толығымен электронды форматта Kezekte.kz платформасы арқылы өтетінін баян етті. Комиссия құрамына мәслихат депутаттары, сарапшылар мен БАҚ өкілдері кіреді. Гранттар қараша айында беріле бастайды.

Қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мақсатында 80-ге жуық әлеуметтік сауда нүктесі жұмыс істейді. Соның ішінде «Магнум», «Грамад», «Қасқасу-С» және «Бәйтерек» сияқты ірі серіктестер бар. Сонымен қатар халық көп шоғырланған аудандарда «Бақша» атауымен 14 әлеуметтік дүкен ашылып, қосымша 10 дүкен іске қосылып жатыр. Апта сайын қаланың 6 жерінде азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өнімдер нарықтан 10-15% төмен бағамен сатылады. Бұдан бөлек, бағаны тұрақтандыру мақсатында ірі сауда желілерімен меморандум жасалып, «Береке Fest» республикалық акциясы өтіп келеді.

Сондай-ақ шаһар басшысының орынбасары биыл 12-15 қазан аралығында Шымкент қаласының Халықаралық көрме орталығында Иран Ислам Республикасының 3-ші сауда-өнеркәсіптік көрмесі өтетінін жеткізді. Көрмеге инженерлік-техникалық, сауда және инвестициялық бағыттағы жетекші ирандық компаниялар қатысып, машинамен тоқылған кілемдер, тағам өнімдері, тұрмыстық химия, құрылыс материалдары, металл және полимер өнімдері, жиһаз, тұрмыстық техника, логистика және мұнай-газ саласына арналған жабдықтар ұсынылмақ. Іс-шара Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті дамытуға, инвестициялық жобаларды ілгерілетуге және жаңа ынтымақтастық бағыттарын ашуға мүмкіндік бермек.

Қалада Қошқар ата өзенін абаттандыру, Кәусар каналы мен Бадам өзенінің арнасын нығайту жұмыстары да жалғасын тауып жатыр. HYDROLIFE-2050 ЖШС атқарып жатқан жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңгеге бағаланған. Нұртас шағынауданындағы Кәусар каналында да су тасқынының алдын алу мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, екінші кезеңі толығымен аяқталды. Бірінші кезеңде 340 метр ирригациялық лоток орнату жұмыстары басталып, жыл соңына дейін тәмамдалмақ. Бадам өзенінің арнасын нығайту жұмыстарының да қарқыны жоғары. Былтыр ұзындығы 9 шақырым болатын 6 елді мекенде арна түзету және жағалауды бекіту жұмыстары аяқталған болса, биыл 5,3 шақырымды қамтитын келесі кезең 70 пайыз орындалған.

Бұдан кейін Сәрсен Құранбек қаладағы «резеңке пәтерлер» мәселесі майшаммен қаралып жатқанын айтты. Бір мекенжайда көп адам тіркелген 8 нысан анықталып, соның үшеуі студенттік жатақхана екені белгілі болған. Қалған 5 мекенжай иелеріне әкімшілік хаттама толтырылып, нақты тұрмайтын адамдар тіркеуден шығарылған.

Қалада тұрғын үй қорын жаңарту бағытындағы реновация бағдарламасы жалғасып жатыр. Мұндағы мақсат тозығы жеткен және апатты үйлерді бұзып, тұрғындарды жаңа әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету болады. Бағдарлама шеңберінде Көксай шағын ауданындағы 23 көпқабатты үйді бұзып, тұрғындарды жаңа пәтерлерге көшіру көзделген. Бүгінге дейін 9 үйдің тұрғындары жаңа қонысына көшіріліп, 83 отбасы баспаналы болған. Келешекте шағынауданда әкімшілік ғимарат, дене шынықтыру орталығы, әлеуметтік нысандар мен саябақтар салынып, мектеп кеңейтілсе, бұдан басқа, көпфункционалды сауда-логистикалық орталық ашылады.

Ресми өкілі қаладағы қоғамдық қауіпсіздік мәселелері де тұрақты бақылауда екенін тілге тиек етті. Өткен аптада 152 қылмыстық іс тіркелген, соның ішінде 49-ы алаяқтық, 30-ы ұрлық, 15-і есірткі айналымына қатысты. Көпшілігі интернет арқылы жасалған алаяқтық әрекеттер екен. Сондықтан құқық қорғау органдары тұрғындарды сақтыққа, күмәнді хабарламалар мен ұсыныстарға сенбеуге, банк карталарын бөгде адамдарға бермеуге ұдайы шақырып келеді. Қала аумағындағы ұрлық фактілері де назарда екенін жеткізді. Өйткені қоғамдық орындарда және көпқабатты үйлер аулаларында мүлік ұрлау жағдайлары жиілеген.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»