Қала әкімі Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесті

Қала әкімі Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен есепті кездесу өткізді. Қала әкімі тұрғындарға әлеуметтік-экономикалық даму, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке қолдау көрсету, инженерлік-инфрақұрылым және өзге де бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлардан хабардар етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша шаһарда 18 мектеп, оның ішінде Әл-Фараби ауданында 3 мектеп салынады. 2023 жылы ауданда Қошқар ата аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал «Халық қатысатын бюджет» аясында 39 балалар ойын алаңшасын салу жоспарланып отыр.

– Әл-Фараби орталық аудан болғандықтан инженерлік-инфрақұрылым жүйелерімен қамтылған. Шымкент қаласы тұрғындарға барлық жағынан қолайлы болуы тиіс. «Қауіпсіз қала» дегенді айтып жүрміз. Ендігі ретте ауданда учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру қажет. Атқарылған жұмыс та бар, кемшіліктер де аз емес. Мәселелер басымдығына қарай, кезең-кезеңімен шешіледі. Жалпы, қаламызды дамыту, өркендету жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді қала әкімі.

Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев аудандағы барлық салада жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Сондай-ақ, аудан тұрғындары жылумен қамту, жол белгілерін орнату, тұрғын үйлерді жаңғырту, балалар ойын алаңшасы, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мәселелері бойынша сауалдарын қойды.

Кездесу соңында Мұрат Дүйсенбекұлы әр тұрғынның мәселесін тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.