Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің базасына барып, мекеменің қысқы маусымға дайындық жұмыстарымен танысты.
2021-2022 жылғы күзгі-қысқы маусымда Абай ауданы аумағының орталық көшелерін қардан тазарту жұмыстарына «ЛТД Тұрмыс» ЖШС тарапынан 105 жұмысшы, 49 дана арнайы мамандандырылған қар күреу, құм себу және аяқжолдарды тазалау техникалары дайындалды. Атап айтқанда, қар күреу, құм себу жұмыстарына – 34 техника, аяқ жолды тазарту жұмыстарына – 2 техника, жүк тиегіш – 5 техника, жүк тасығыш бортты – 8 техника қысқы маусымға дайын.
Жалпы аудан аумағындағы көше бойларына себілетін 795 текше метр инертті материалдар «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің қоймасына жинақталып, сақтауда тұр. Ал қажетті жанар-жағармайдың қоры жеткілікті.
Қала әкімі жанар май қоры, жүргізушілер мен жол жұмысшылар саны жеткілікті болуы, инертті материалдардың талаптарға сәйкес болуын, барлық техникалардың арнаулы лого-жазулармен жабдықталуын, қар шығарған кезде арнайы көліктердің барып келу сызбасы жасалып, соған сәйкес жұмыстарды жүйелі атқаруды міндеттеді.
Сондай-ақ, қар жауған сәттерде қала тұрғындары қажетті жерлеріне кептеліссіз жетуіне жағдай жасау, таңғы қызу қозғалыс басталғанға дейін жолдарды қардан дер кезінде тазарту, мектепке баратын оқушылардың жүретін жолы қар болмауы жөнінде тапсырмалар берді.