Қала әкімі «Оңтүстік» телеарнасында тұрғындар сауалына жауап берді

Қала әкімі «Оңтүстік» телеарнасында тұрғындар сауалына жауап берді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Оңтүстік» телеарнасында «Әкім сағаты» бағдарламасына қатысып, тұрғындармен тікелей эфирде жүздесті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Шаһар басшысы эфир барысында алдымен эпидемиологиялық жағдайдан хабардар етті.

Бүгінде Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырған 10 жағдай тіркелді. Қазіргі таңда қалада 1 060 төсек - орын бар (жұқпалы - 560, карантиндік - 500), оның 890 төсек-орны бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 170 науқас ем қабылдауда немесе толымдылығы - 16 %.

Жалпы бағдарлама барысында қала тұрғындары әлеуметтік қорғау, баспанамен қамту, бағаны реттеу, жеке кәсіпкерлікті дамыту, қоғамдық көлік, денсаулық сақтау саласындағы мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Қала әкімі әрбір сауалға нақты жауап беріп, саладағы жұмыс жоспарларын баяндап өтті.

Атап айтқанда, II топтағы мүгедек Гауһар Оразымбетқызы 2017 жылы үй кезегіне тіркелгенін, бірақ арендалық үйдің кезегі жылжымай жатқанына шағымданды. Ұлағатты ұстаз Айдын Жолдасов, көп балалы ана Лаура Елмұратованы да тұрғын үй кезегі мәселесі мазалайды, сондай-ақ, Айнұр Сауранбаева дәрігерлердің біліктілігін көтеру мәселесін алға тартты.

Мұрат Дүйсенбекұлы халықтың әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен әлсіз топтағы азаматтарды баспанамен қамту басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– 2020 жылы қалада арендалық негізде 1596 пәтер берілді. Биыл жоспар бойынша арендалық 1748 пәтер тапсырылады. Бүгінде тұрғын үй кезегін E-gov порталынан және тұрғын үй басқармасында ашылған өзіне өзі қызмет көрсету бұрышынан білуге болады. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту орталықтарында осындай қызмет бұрыштарын ашуды тапсырдым. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы беріледі, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, қала әкімі шаһарда медицина саласын дамытуда ауқымды жұмыстар қолға алынғанын, қаламызда республикаға белгілі білікті дәрігерлер жұмыс істейтініне тоқталды. 2019 жылы қалада дәрігерлер саны 3 600-ға жетпейтін. Қазіргі таңда дәрігерлер саны – 4 069. Орта буынды медицина қызметкерлер саны 8 600 еді. Қазіргі таңда 9 581-ді құраған.


Фото: Береке СЕЙІТЖАППАР