Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды онлайн режимде қабылдады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Тұрғындар инфрақұрылым, инженерлік жүйелер, баспанамен қамту, қоғамдық көлік, абаттандыру мәселелерін көтерді. Мұрат Дүйсенбекұлы жалпы 24 адамның арыз-шағымын тыңдап, орынбасарларына, басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Еңбекші ауданының тұрғыны Ақылбек Тұрсынбаев Қапал батыр көшесі бойындағы жолды қалпына келтіру жұмыстары сапалы орындалмай жатқанына наразылығын жеткізді.
Қала әкімі мердігер мекеме тарапынан жолды қалпына келтіру жұмыстарының сапалы атқарылуы қатаң бақылауға алынатынын айтты.
Сондай-ақ, Пахтакор-2 шағынауданының тұрғыны Аманжол Тілемісов көшені жарықтандыру, кәріз жүйесі мәселелерін алға тартты.
Шаһар басшысының айтуынша, Ұлағат шағынауданына кәріз жүйелерінің құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес, биыл наурыз айында басталып, 2022 жылы аяқталады. Ал жарықтандыру бойынша Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының 2022-2023 жылдардағы жоспарында қарастыру туралы тапсырма берілген.
Қабылдауда тұрғындардың барлық сұрақтарына толыққанды жауап берілді.
Фото: Береке Сейітжаппар