Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков есептік кездесуде Тұран шағынауданы тұрғындары көтерген мәселелер бойынша арнайы баратынын жеткізген еді. Осыған орай тиісті мамандармен бірге аталған шағынаудандағы үйлердің құрылыс барысымен танысты.
Осыған дейін Тұран шағынауданында жылу жүйелерінен бірнеше рет ақау шыққан болатын. Арнайы сараптама тағайындалып, қазандықтардың жарамсыз екені анықталған. Оған қоса, тұрғындар тарапынан үй қабырғаларының сапасыздығы айтылған.
Қала басшысы тиісті мамандарға сапаны назарға алуды тапсырды. Алдағы уақытта жауапсыз мердігерлермен жұмысты тоқтатуды ескертіп, қарапайым халық зардап шекпеу керектігін баса айтты. Сондай-ақ құрылысты жүргізген мердігерлерге пәтерлердегі жылу жүйелерінің ақауларын тез арада қалпына келтіріп, қысқа дайындықты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Биыл қалада мемлекеттік бюджет есебінен 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Оның ішінде Тұран шағынауданында 1 112 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері 540 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жоспар бойынша қалған 8 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.