Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әлем чемпионаттарында топ жарған бірқатар спортшыларды қабылдап, демеушілер тарапынан сый-сыяпаттарды табыс етті. 2025 жылғы 4–14 қыркүйек аралығында Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатында Махмұд және Төрехан Сабырхан жеңімпаз атанған болатын.
Мақтаныш пен шабытқа толы атмосфера аясында спортшылар алған әсерлерімен бөліссе, қала басшысы олардың тамаша жетістіктерінің бүкіл ел үшін маңызды екеніне тоқталды. Шаһар басшысы екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырханға автокөлік пен пәтер, әлем чемпионы Төрехан Сабырханға да автокөлік пен пәтер сыйға тартылды. Қос боксшының жеке бапкеріне де пәтер кілті берілді.
Сонымен қатар, қала әкімі бокстан жастар арасында әлем чемпионы Санжар-Али Бегалиевке, тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы Ғалымжан Темірбаевқа, қазақ күресінен әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Жұмажан Қожамбековке де құрмет көрсетіп, оларға да баспана сертификатын табыс етті.
Айта кетсек, жеңімпаз спортшылар демеушілердің қаржысы есебінен марапатталып отыр.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған спорттық сайыста тоғызқұмалақ шебері Ғалымжан Темірбаев жеңімпаз атанып, өзінің әлемдік деңгейдегі шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақ күресінен 12–15 тамыз аралығында Астана қаласында өткен әскерилер арасындағы Әлем чемпионатында Жұмажан Қожамбеков барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, алтын жүлдені жеңіп алды.
Осылайша, Шымкент спортшылары ел намысын абыроймен қорғап, ел спортының дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
«Шымкент келбеті»