Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан азаматтарды жеке қабылдады. Онлайн өткен жиын Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдауы аясында ұйымдастырылып, 6 тұрғын алдын ала жазылған болатын. ZOOM конференциясында өткен қабылдауға әкімдіктің тиісті басқармаларының басшылары мен аудан әкімдіктерінің жауапты мамандары да қатысты.
Жиында білім беру, кәсіпкерлік мәселелері көтерілді.
Мысалы, кәсіпкер азаматша мектептің асханасын жалға алғанын, ол карантин мен төтенше жағдайға байланысты жұмыстары тоқтап тұрғанын айтып, көмек сұрады. Шыңғыс Жұмабекұлы бұл мәселе заң бойынша шешілетінін айтып, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұдан былай 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтамасыз етілетінін, бұл кәсіпкерлерге де тиімді екенін жеткізді. Жиынға қатысып отырған қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева да кәсіпкердің қосымша сұрақтарына жауап берді.
Келесі болып сөз алған №26 мектептің мұғалімі өзі жұмыс істейтін білім беру мекемесіндегі жағдай туралы айтса, онлайн-қабылдауға қатысқан тағы бір тұрғын Ертай Сейтбек кітап дүкені бар екенін, жақында жұмыс істеп тұрған ғимаратынан шығып қалғанын айтып, дүкеніне қолайлы ғимарат тауып беруді сұрады. Шыңғыс Жұмабекұлы жиынға қатысқан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуеноваға қаладағы жаңғыртылған кітапханалардың бірінен кітап дүкеніне лайықты жай қарастыруды тапсырды.