Бүгін сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Депутаттар сессия барысында қаланың 2024-2026 жылдарға арналған бюджетін бекітті.
Бюджетті нақтылау нәтижесінде, қала бюджетінің көлемі 734,6 млрд теңгеден 754,2 млрд теңгеге дейін артатын болады, яғни, өсім 19,6 млрд теңге.
Өсім негізінен жергілікті бюджеттің өзіндік кірістерінің артуының есебінен құралып отыр.
Бюджет жобасы қоғамдық кеңесте қаралып талқыланып, қаражат ең алдымен, халықтың өзекті мәселелерін шешуге, тұрмысын жақсартуға, әлеуметтік жағдайын көтеруге жұмсалатыны анықталған. Атап айтқанда, білім саласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға – 663,6 млн.теңге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдауға – 885,4 млн.теңге қаралып отыр.
Бұдан басқа, республикалық бюджеттің резервінен вакцинацияға 2,8 млрд теңге бағытталуда. «Даму бюджеті бойынша жалпы – 3,8 млрд теңге қарастырылуда. Оның ішіндежаңадан қосылған шағын аудандардың инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамытуға – 2,5 млрд теңге бөлінсе, сумен жабдықтау жүйесін дамытуға – 340,5 млн.теңге, газ тасымалдау жүйесін дамытуға – 4,3 млрд теңге, білім беру объектілерін дамытуға – 500 млн.теңге, ол ақшаға Сабыр Рахымов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің құрылысы кіреді, көлік инфрақұрылымын дамытуға – 3,9 млрд теңге бөлініп отыр. Қала экономикасының көзі саналатын индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға – 1,1 млрд теңге қаралды», – дейді баяндамасында Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасыныңбасшысы Е.Есқараев.
Сессия соңында қала басшысы күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде сөз алып, қаланың әрі қарай өркендеуіне ықпал етер шешімдерге қолдау білдіргені үшін мәслихат мүшелеріне алғысын жеткізді.
«Шымкент келбеті»