Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов @akimat_shymkent парақшасында тікелей эфирде сұхбат берді. Бұл туралы қала әкімінің Баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Шымкентте ауыр жағдайда түсіп жатқан науқастардың 80 пайызы үйінде ұзақ уақыт өз бетінше ем қабылдағандар дейді қаланың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.
Еліміздің үшінші мегаполисі бірнеше аптадан бері «қызыл» аймақта, эпидемиологиялық ахуал күрделі. 15 тамыз күні КВИ-дің 560 жағдайы тіркелген.
Қазіргі таңға мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 3930 орын бар, төсек орын толымдығы 66,1%-ды құрайды, 1329 төсек орын бос. Инфекциялық стационарда 2601 науқас емделуде, жансақтау бөлімінде – 589 төсек орын бар, 382 науқас ем қабылдауда.
- Дүниежүзі 1 жыл бойы вакцинаны күтті. Бұл адамзаттың ең үздік ғылыми жаңалығының бірі болды. 18 жастан асқандардың барлығына вакцина қабылдауға болады. Әсіресе, қосалқы ауруы бар осал топтағыларға тез арада вакцина алуды ұсынамыз. Ата-анаңыздың, туыстарыңыздың амандығы үшін вакцина салдыруға алып барыңыздар. Сонымен бірге, қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің вакцина салдыруы да аса маңызды. Осылайша ұжымдық иммунитет қалыптастырып, пандемияны жеңіп шығамыз, - деді Бас дәрігер.
Б.Позилов эфир барысында тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Тұмау белгісінің алғашқы белгілері білінсе дереу мобильді топтарды шақыруды немесе учаскелік емханаға бару керектігін айтты. Қалада вакцинаның 5 түрі барын айтып, баршаны екпе қабылдауға шақырды.