​Қаланың халықаралық беделі артып келеді

​Қаланың халықаралық беделі артып келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар саласындағы биыл он бір айда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары баяндалды. Іс-шара барысында Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрияны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сұлтан Ысқақов қала туризмінің даму барысы, инвестициялық жобалар, сервистік қызметтер және халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

Оның айтуынша, биыл тоғыз айда Шымкент қаласына келген туристер саны 406 386 адамды құраған. Оның 376 825-і ішкі туризм аясында келгендер болса, 29 561 адам шетелден келген туристер үлесінде. Қалада қазір 159 орналастыру орны жұмыс істейді. Жалпы бөлмелер саны 4 132-ге жетіп, бір жолғы сыйымдылығы 8 716 төсек-орынды құраған. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 20,8 пайызға артқан. Орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі тоғыз айда 10,3 млрд теңгеден асып, былтырмен салыстырғанда 24,5 пайыздық өсім көрсеткен.

Туристік инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту бағытында қалада ауқымды жобалар іске асырылып келеді. 2024-2025 жылдар аралығында қалада 12 қонақ үйдің ашылуы жоспарланып, соның 7-еуі былтыр пайдалануға берілген. Былтыр екі қонақ үй ашылып, жыл соңына дейін тағы үш қонақ үйдің іске қосылуы көзделіп отырғаны құлағдар етілді. Сонымен қатар қалада халықаралық деңгейдегі “Hilton” қонақ үйінің құрылысы басталып, келер жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жобаның инвестициялық көлемі 35 млн АҚШ долларын құрап, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар.

Бадам су қоймасы аумағында Omir Shymkent глэмпинг жобасы қолға алынып, туристер мен қала тұрғындарына арналған жаңа демалыс және мәдени-сауықтыру кеңістігі қалыптасып келеді. Жоба аясында глэмпинг және капсулалық үйлер, мейрамхана, SPA-бассейн, спорт алаңдары мен амфитеатр салу көзделген.

Сонымен қатар республикалық маңызы бар «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» кесенелерінің аумағы абаттандырылып, жол, санитариялық тораптар мен ақпараттық стендтер орнатылған. Ал келесі жылы Сайрам тұрғын алабындағы алты сакралды нысанды реконструкциялау жоспарланып отыр.

Осылай деген басқарма өкілі қалада туристік маршруттарды дамыту да жүйелі жолға қойылғанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде 17 туристік маршрут қызмет көрсетіп, олармен 24 туристік оператор мен 120 туристік агенттік жұмыс істейді. Әуе қатынасы да кеңейіп, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін Шымкенттен әлемнің 6 еліндегі 8 қалаға тікелей рейстер ашылған. Бұл қалаға келетін туристер легінің артуына оң әсерін тигізіп келеді.

Сервис сапасын арттыру мақсатында туристерге арналған ақпараттық порталдар, QR-кодтар, 3D-маршруттар енгізіліп, жаңа үлгідегі санитариялық-гигиеналық тораптар орнатылды. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 25 туристік полиция қызметкері бекітіліп, адам көп жиналатын орындарға SOS дабыл батырмалары қойылған.

Туризмді ілгерілету мақсатында биыл бірқатар ірі іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалі, халықаралық Blog tour, қала күні аясындағы DRONE SHOW, Street Food Fest фестивалі және Республика күніне арналған батпырауықтар фестивалі бар. Бұл іс-шаралар шаһардың туристік имиджін қалыптастырып, мәдени әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік берді.

Сыртқы байланыстарды нығайту бағытында жыл басынан бері 32 дипломатиялық кездесу өткізіліп, Франция, Еуропалық одақ елдері, Қытай, Қырғызстан, Болгария және басқа да мемлекеттермен ынтымақтастық орнатылған. Нәтижесінде бірқатар меморандумға қол қойылып, Шымкент қаласының халықаралық деңгейдегі беделі артқан.