Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен алғаш рет «Қара шаңырақ» қолөнер және халықтық өнер көрмесі өтті. Аталған көрмеге қаламыздағы 20-дан астам шеберлер қатысты.
Ұлттық қолөнер көрмесінің негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі өнерін насихаттау, ұлттық мәдени мұраны сақтау, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу және қазіргі заманға бейімдей отырып дамыту. Іс-шараға Шымкент қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айгүл Амзеева, Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Досыбай Шерімқұлов, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері және де жастар қатысты.
«Бүгін біз «Қара шаңырақ» қолөнер және халықтық өнер көрмесінде бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайда “Ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, соның ішінде қолөнерді жаңғырту – ұлттың өзіндік болмысын сақтаудың басты жолы” екендігін айтқан болатын. Бүгінде ұлттық қолөнер жаңғырып, сән индустриясы, туризм, интерьер дизайны, қолөнер базарларында кең қолданылады. Жас шеберлер дәстүрлі тәсілдерді заманауи технологиямен ұштастырып, жаңа бағыт қалыптастыруда. Қазақ қолөнері халықаралық көрмелерде жоғары бағалануда. Сіздердің қолыңыздан шыққан өнер туындылары әлемге танылсын! Сіздерге зор денсаулық, шабыт, мол табыс және толағай жетістік тілеймін!» - деді қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айгүл Амзеева.
Сондай-ақ, Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Досыбай Шерімқұлов шараның маңыздылығына тоқталды.
- Сіздердің алтын қолдарыңыздан туған әрбір бұйым – халқымыздың рухани байлығы мен мәдени мұрасының жалғасы. Ұлттық өнерді көздің қарашығындай сақтап, оны бүгінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген еңбектеріңізге шын жүректен алғыс айтамыз. Шеберханаларыңыз шығармашылыққа толы болып, өнерлеріңіз өрлей берсін!» - деді Досыбай Шерімқұлов.
Көрме барысында шеберлердің шығармашылық тәжірибесін көрсету, олардың еңбегін елге дәріптеу, жаңа буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру, сонымен қатар қолөнер бұйымдарының экономикалық және мәдени әлеуетін көтеру көзделді.
«Шымкент келбеті»