Бұл туралы бүгін Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұлов 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша онлайн режимде халық алдында берген есебінде айтты, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қаратау ауданында өткен жылы 34 көпқабатты үйдің қасбеті ретке келтірілген. Бұл жұмыстарға сол үйлердің тұрғындарынан қаржы жұмсалмады, бюджеттен де қаражат қаралмаған. Үйлердің қасбетін әрлеу бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып отыр.
- Жалпы ауданда көпқабатты тұрғын үйлерге 6 сервистік мекеме қызмет көрсетуде. Осы мекемелер тарапынан кіреберістер мен баспалдақтарды тазалау, жертөледегі жиналған суды шығару, үй ауласын тазалау, жертөледегі инженерлік жүйелерді күтіп-ұстау жұмыстары атқарылды. Қазіргі таңда, «Нұрсәт» шағынауданындағы 4 үйдің және «Асар» шағынауданындағы 30 үйдің қасбеті демеушілер есебінен ретке келтірілді, - деді аудан әкімі.
Айта кетейік, аудан аумағында жалпы саны 152 лифт орнатылған көпқабатты тұрғын үйлерде 231 лифт жұмыс істеп тұр. Көп қабатты тұрғын үйлердің лифт жүйесінде 7 арнайы мамандандырылған мекемелер жұмыс атқаруда.
Фото: ашық дереккөз