Қаратау ауданындағы 62 шақырым жолға шағал тас төселеді

Қаратау ауданындағы 62 шақырым жолға шағал тас төселеді

Қаламыздағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3247 шақырымды құрайды. Оның 1151,5 шақырымы Қаратау ауданына қарасты. Қазіргі таңда аудандағы жолдардың 582 шақырымы асфальт, 486,1 шақырымы шағал тас болса, 83,3 шақырымы топырақ жол болып табылады.

Биыл мұнда 89,1 шақырым асфальт жолға жөндеу жүргізіліп, 62 шақырым жолға шағал тас төсеу жоспарланған.

Қала әкімінің Қаратау ауданына барған сапары кезінде жол бойынша атқарылған жұмыстарды қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов баяндады.

Күрделі жөндеу жұмыстарына сәйкес, «Алем Транс Жол» құрылыс компаниясының мердігерлігімен 17 көшеге, яғни 19,3 шақырым жол жөнделіп, бүгінде оның 65% пайдалануға берілген. Ауданда күрделі жөндеу бойынша 34,7 шақырымға аяқжол салу жұмыстары жүріп жатыр.

Орташа жөндеу жұмыстары бойынша жалпы саны 38 шалғай және ішкі орам көшелері, яғни 54,4 шақырым жол жөндеуден өтуде. Оның ішінде 26 көше (68,4%) толығымен аяқталған, 2 сотпен тоқтатылған, ал 10 жұмыс барысында. Сонымен қоса 17,3 шақырымдық аяқжолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.

Ал, қиыршық тас төсеу жұмыстарын мердігер мекеме «Пример-Строй» ЖШС жүргізді. Ауданға қарасты шағын аудандарындағы 62 шақырымды құрайтын 102 көшеге шағал тас төселу үстінде. Бүгінде жұмыстардың 76 пайызы аяқталған.

Аялдама жағдайына келер болсақ, Сырым батыр көшесіне 30 жаңа аялдама және Таскен шағын ауданына 10 ескі аялдама орнатылды.

2022 жылғы жоспарға сәйкес Қаратау ауданындағы ұзындығы 50,9 шақырым болатын 43 көшеге асфальт салу жоспарланып отыр.