Қаратау: Жыл соңында елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылады

Қаратау: Жыл соңында елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылады

 «Өткен жылы Қаратау ауданына қарасты 24 елді мекен болса, бүгінде қалада жаңа ауданның құрылуына байланысты 18-і қалып отыр. Аудан тұрғындарын су, жарық және газбен қамту мәселесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жоспарға сәйкес, 2023 жылдың соңында аудан аумағындағы барлық елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылады». Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов мәлімдеді.

Брифинг барысында Рахымберді Жанысбекұлы 2023 жылы Қаратау ауданында атқарылатын жұмыстың жоспарымен таныстырды.

— Өткен жылы ауданға қарасты Қайнарбұлақ, Сайрам тұрғын алабы және Асар-2 шағын ауданында ауыз су жүйесінің құрылыс басталған болатын. Аталған елді мекендердегі құрылыс 2023 жылға өтпелі. Биыл Сайрам және Қызылсу елді мекендерін ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізіліп, жыл соңында аудан аумағындағы барлық елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылады. Сонымен қатар, ауданға қарасты елді мекендерді жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары басты назарда. 2021 жылы аудан Достық және Асар-2 шағын ауданын жарықпен қамтудың алғашқы кезеңі жүзеге асырылса, құрылыстың екінші кезеңі былтыр толығымен аяқталды. Сондай-ақ, өткен жылы Тұран, Нұртас, Тассай, Қайнарбұлақ шағын аудандары жарықпен қамтылды. Биыл Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағы электр жарығымен қамтылып, 3191 абонент сапалы электр энергиясына қол жеткізбек, - деді аудан әкімі.

Р.Мүлкемановтың айтуынша, 2022 жылы 6 елді мекенде — Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайы, Асар-2, Тұран, Нұртас шағын ауданы мен Тассай тұрғын алабында табиғи газбен қамту жұмыстары басталған. Биыл Тұран шағын ауданында абоненттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, жыл соңына дейін Нұртас шағын ауданы мен Тассай тұрғын алабындағы құрылыс жұмысын аяқтау жоспарланған. 2025 жылға дейін ауданды толығымен табиғи газбен қамту көзделген.

Айта кетейік, жиын барысында аудандағы жол құрылысы, көшелерді жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, тазалық және қоғамдық көлік мәселесі де назардан тыс қалмады.