Қарт жиһангез сайлауға велосипедпен барды

Қарт жиһангез сайлауға велосипедпен барды

Шетелді велосипедпен аралаған 81 жастағы шымкенттік жиһангез қария Кеңесбек Сейдімбеков сайлау учаскесіне барып, дауыс берді, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Ардагер өзінің таңдауын Шымкенттегі №34 сайлау учаскесінде жасады. Оның айтуынша, ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы мемлекетіміздің дамуында үлкен мәнге ие. Сондай-ақ қария бүгінгі саяси шараның сәтті өтуіне тілектестік білдіріп, ақ батасын берді.

Кеңесбек Сейдімбековтің велосипедті жанына серік еткеніне 65 жыл болыпты. Қария бұған дейін қасиетті Мекке мен Мадинаға, сондай-ақ Ауғанстан, Ресей, Өзбекстан елдеріне велосипедпен барып қайтқан болатын.

Тәуелсіз еліміздің дамуында әрбір сайлаудың маңызы зор. Бұған дейінгі сайлауларда да мен үнемі белсенділік танытып келемін. Шүкір дейміз, еліміз төрткүл дүниеге танылып, өсіп-өркендеп жатыр. Менің де велосипедпен шетелдерге баруымның басты мақсаты – елімнің жетістіктерін насихаттау, Қазақстанның, байтақ даламыздың атын шығару. Соны шетелдіктерге таныстырсам деймін. Ресейдің 40 қаласында, Кубада, Араб елдерінде болғанмын. Бір ай бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан велосипед сыйға алдым. Бұл - мен үшін үлкен қуаныш, - дейді жиһанкез қария.

Жасы сексеннен асқан ел ағасының сөзі нық, қимылы ширақ. Қария әлі күнге дейін тұрақты түрде салауатты өмір салтын ұстанады. Мысалы, күнделікті велосипедімен таңертең 15-20 және кешкісін сонша шақырым жол жүріп келеді екен.

Айта кетейік, алдағы уақытта ардагер спортшы Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай Жапонияға велосипедпен баруды мақсат етіп отыр.