ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АРДАҚТЫ

ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АРДАҚТЫ

Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығының мамандары №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында концерт қойды.Қариялар өздері үшін дайындалған тосынсыйға қуанып, өнерпаздарға өз ризашылықтарын жеткізді.

Халықаралық жастар күніне орай бекітілген онкүндікте қарттар үйі де ұмыт қалмаған.Қайырымдылық концертіне жоғары деңгейде дайындалған Жастар орталығы елге танымал өнер жұлдыздарында шақырған.

Концерттік іс-шарада «Million» командасы өнер көрсетті. Ал, қаламызға белігі әншілер Бағлан Жолдасов пен Астана Қарғабай жәнеШымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының актрисасы Мөлдір Мұратбекова жанды дауыста ән шырқап, қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жастардың талантты өнерлеріне және кеш ұйымдастырушыларына риза болған қарттар өздерінің ақ батасын берді.

– Бұл мекемеге өнерпаздар көп келеді. Келушілердің барынша жақсы көңіл сыйлағысы келіп тұратындары жүздерінен көрініп тұрады. Біз үшін осы көріністің өзі бақыт. Тек ән мен бимен шектеліп жатқан жоқ. Қолдарынан келгенше, түрлі жемістерін, көкөністерін алып келеді. Бүгінгі жиында барлық достарымызбен би биледік. Жастардың таза көңілі, бізге күш-қуат береді,-дейді зейнеткер Омар Төреханұлы.

«Шымкент келбеті»