Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың жұмысын қайта құру қажет

Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың жұмысын қайта құру қажет

Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында айтты.

– Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру сынды стратегиялық міндетке ерекше тоқталғым келеді. Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарымыздың, Ұлттық қауіпсіздік органдарымыздың, сыртқы барлау қызметтеріміздің жұмысын қайта құру қажет. Олардың барлығы бір мақсат – кез келген сипаттағы және ауқымдағы қатер кезінде азаматтарымызды, конституциялық құрылымды, егемендікті барынша тиімді қорғау үшін жұмыла жұмыс істеуі тиіс. Мұны мемлекетіміздің түбегейлі мүддесі талап етеді, - деді Мемлекет Басшысы.

Мәжіліс отырысына бейнебайланыс арқылы қатысқан Қазақстан Президенті арнайы құрылым мамандарының еңбекақысын жоғарылату керектігін тапсырды.

– Ішкі істер министрлігінде арнайы құрылым және ұлттық гвардия құрамының санын арттыру қажет. Сонымен қатар олардың дайындығын күшейту жұмысына да басым бағыт беріп, ішкі және арнайы құрылым, әскер, ұлттық гвардияны қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен қамту да маңызды. Одан бөлек арнайы құрылым қызметкерлерінің жалақысын көтеру керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел Президенті онлайн өткен мәжіліс отырысында отандық полицейлердің құқығын қорғау деңгейін көтеру туралы да маңызды мәселе көтерді.