Шымкент қаласы «Кundelik.kz» электронды журналды сапалы және уақытылы толтыру бойынша республикада үздік деп танылып, «Алтын белгі» жүлдесімен марапатталды. Бұл марапатты «Kundelik.kz» ЖШС директоры Марат Ищанов қала әкімі Мұрат Әйтеновке табыстады, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
Арнайы табыстау рәсімі барысында Мұрат Дүйсенбекұлы өз пікірін жеткізді.
– Мұндай жетістікке Білім басқармасы, мұғалімдер және ата-аналардың белсенділігінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Электронды құжаттарды қолдану және жетік меңгеру – заман талабы. Қашықтан білім беруде біздің ұстаздарымыз өздерінің білімі мен біліктілігін көрсетіп қана қоймай, республикада үздік екендігін дәлелдеді, – деді қала әкімі.
Пандемияға байланысты қашықтан оқыту электронды журналдың маңыздылығын арттыра түсті. Осы орайда алғаш рет 2020-2021 оқу жылының бірінші жартыжылдығындағы электронды журнал жүйесінің жұмысы қорытындыланып, білім басқармаларының атқарылған еңбектері сараланып отыр. Бұл ретте қаламыздың педагогтері мен оқушылары, ата-аналар және Білім басқармасы саласының мамандары аса белсенділік көрсеткен.
Еске салсақ, елімізде «Кundelik.kz» электронды журнал жүйесі ҚР Білім және ғылым министрлігімен 2016 жылдан бері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жұмыс істеп келеді.
Айта кетейік, бүгінде «Кundelik.kz» электронды журнал жүйесіне Шымкент қаласының 151 мектебі қосылған. Ал жүйені тұрақты пайдаланып, белсенділік танытқан мұғалімдер саны 20 мыңға жетіп отыр.
Фото: Береке Сейітжаппар