Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы №58 сайлау учаскесінде таңдау жасады. Дауыс берген соң Президент БАҚ-тың сұрағына жауап берді, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz тілшісі Ақорда Баспасөз қызметіне сілтеме жасап
–Сайлау әділ өтеді деп үміттенемін. Билік тарапынан барлық талап орындалды. Үміткерлерге бірдей жағдай жасалды. Заң бойынша Үкімет отставкаға кетуі керек. Мен сайлаудан кейін Парламентте фракциялар жетекшілерімен Премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің кандидатураларына қатысты ақылдасамын. Бұл туралы сіздер де жедел ақпарат аласыздар. Бұл сайлау демократиямыздағы алғашқы қадам деп ойлаймыз. Әрбір сайлау - азаматтық қоғам үшін үлкен сынақ. Мен Парламентте әртүрлі партия болатынына үміттенемін. Парламентте елдің тағдыры мен болашағына қатысты пікірталастар болуы керек, - деді ел Президенті.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы 15 қаңтарда Парламент отырысы өтетінін айтты.
–Қаңтардың 15-інде Парламент пен депутаттар алдында сөз сөйлеймін. Жаңа Мәжілістің құрамы да қатысады. Одан кейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтеді. Онда реформалар талқыланады. Реформаларды міндетті түрде жалғастыру керек, - деді ол.
Айта кетейік, Президент 2020 жылдың 20 қазанында Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.