ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ШЫМКЕНТТІК ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ШЫМКЕНТТІК ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Астана қаласында қазақ күресінен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Желтоқсанның 12-14 күндері өткен айтулы додада Шымкенттік үш палуанның екеуі алтын, біреуі қола медальді еншіледі.

Байрақты бәсеке әлем чемпионаты ретінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Оған ересектер, жастар және жасөспірімдер тобы қамтылып, 40-қа жуық мемлекеттің 350 балуаны белдесті.

—Шымкент қаласының өзінен үш балуанның әлем чемпионатына қатысып, жүлделі оралуы шаһарда қазақ күресінің ілгерілегенінің белгісі. Күрес — қазақтың ұлттық коды. Бұдан кейін де балуандарымыз үлкен сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінеді деп үміттенеміз, - деді әуежайда балуандарды күтіп алған қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.

Әлем Чемпионатында жастар арасында күрескен шымкенттік балуан Марат Байқамұров алтын медалға ие болса, Әбдімәлік Мейіржан қола медалді еншіледі. Ересектер арасында Жұмажан Қожамбеков үздіктер қатарынан көрініп, алтын медальді қанжығалады.

Әлемнің 40 елінен келген палуандардың арасында суырылып, қарсыластарын таза жеңіспен жеңген, кіл мықтылардың арасына еніп, көк туымызды желбіреткен спортшымызды құттықтаймыз.