Шымкент қаласында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Қазақ руханиятының қос алыбы» атты оқырман конференциясы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Жұмекен Нәжімеденов пен Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын насихаттап, олардың ұлттық рухты оятудағы рөлін көрсету, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру болды.
Оқырман конференциясына балалар жазушысы Бақытгүл Ауданова қатысты.
Шара барысында қатысушыларға «Бір ел – бір кітап» акциясының тарихы мен маңызы туралы кеңінен ақпарат берілді.
Қазақстанда аталмыш республикалық акция 2007 жылдан бері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстан кітапханашылары қауымдастығының ұйымдастыруымен тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Бұл жобаның басты мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, әдеби мұраны зерттеу арқылы жас ұрпақтың рухани және зияткерлік дамуына ықпал ету.
Жыл сайын ұйымдастыру комитеті еліміздің өңірлерінен түскен ұсыныстарды ескере отырып, ел болып оқуға арналған қаламгерлердің шығармасын таңдайды. 2007 жылы ұлы Абайдың «Қара сөздері» таңдалған алғашқы кітап болса, содан бері 50-ден астам қазақ әдебиетінің классиктері ел көлемінде оқырман назарына ұсынылды.
Бүгінгі конференцияда қатысушылар назарына «Қос тұлға – қазақ әдебиетінің шамшырақтары» атты бейнеролик ұсынылды.
«Мирас» университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің аға оқытушысы Марат Төреханұлы Байырбеков «Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Жұмекен Нәжімеденов пен Тәкен Әлімқұловтың өмірі мен шығармашылығы» тақырыбында баяндама жасап, қаламгерлердің әдеби мұрасындағы ұлттық рух пен эстетикалық тереңдікті талдады.
Оқушылар мен студенттер Тәкен Әлімқұловтың «Телқоңыр», «Қызыл қамшы», «Саржайлау», «Шежірелі сахара» шығармаларынан үзінділер оқып, талдау жасады. Оқушылар шығармаларын жатқа оқыды. Сондай-ақ, «Қазақтың қос алыбы» атты сұрақ-жауап ойыны өткізіліп, қатысушылардың әдеби білімін сынады.
Шара соңында «Ұлт рухының қос шырағы» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, қаламгерлердің еңбектерімен таныстырылды.
Конференцияға барлығы 70 оқырман қатысып, іс-шараның рухани маңыздылығын атап өтті. Мұндай кездесулердің жастардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыратындықтарын да жеткізді.
«Шымкент келбеті»