Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-ші пленарлық отырысында 2022-2024 жылдарға Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің құрамына сайланды, деп хабарлайды Shymenaqparat тілшісі СІМ Баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Кеңес БҰҰ-ның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметін үйлестіруге жауапты негізгі орган және осы салалардағы өзекті мәселелер бойынша шешімдерді ілгерілетуге арналған орталық алаң саналады.
СІМ мәліметі бойынша, Қазақстан орнықты дамудың жаһандық мақсаттарын тиімді іске асыру және Орталық Азиядағы неғұрлым маңызды гуманитарлық мәселелерді шешу үшін халықаралық қаржы және сауда ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Кеңеске мүше болу Қазақстанға экономика, әлеуметтік сала және мемлекеттік басқару реформаларында табысты әлемдік тәжірибені тартуға ықпал етеді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша кеңес мүшелері Ауғанстан, Белиз, Бельгия, Үндістан, Италия, Канада, Кот-д'Ивуар, Маврикий, Оман, Перу, АҚШ, Танзания, Тунис, Хорватия, Чехия, Чили және Эсватини болды. Қазақстанды 180 мемлекет қолдаған.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстан 2007-2009 және 2014-2016 жылдар кезеңінде екі рет сайланған болатын.