​Қазақстанда 2 млрд. түп ағаш отырғызылады

​Қазақстанда 2 млрд. түп ағаш отырғызылады

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы ағымдағы жылдың 1 шілдесіне қарай қабылданады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 7 негізгі бөлімнен тұрады. Олар: су нысандарын сауықтыру, ауаның ластану деңгейін төмендету, қалдықтарды басқару, биоалуантүрлілікті сақтау, елді көгалдандыру, энергия тиімділігі, экологиялық білім және экологиялық мәдениетті арттыру.

Аталған жоба іске асса,ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қала - Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалаларындағы экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді, - деді Мағзұм Маратұлы.

Бұдан бөлек, министрдің айтуынша, 2025 жылға дейін еліміде 8 жаңа су қоймасы салынбақ. Осылайша сарқынды суларды ағызу көлемін төмендетуге қол жеткізіп, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 18%-дан 35 %-ға дейін арттыру, сондай-ақ елдің жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығын азайту жоспарланған.

Айта кетейік, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына сәйкес елімізде 2 млрд. түп ағаш отырғызу жоспарланған. Ал ағаш отырғызуға қолайлы жерлер ғылыми таңдау арқылы белгіленеді.