Қазақстанда коронавирустың үнді штамына байланысты карантин талаптары күшейтілуі мүмкін. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі.
Е.Тоғжановтың сөзінше елімізде эпидахуал тұрақты болғанымен Нұр-Сұлтан қаласында үнді штамы тіркелгенін айтты.
– Вирустың репродуктивті индексі 1-ге тең, бірақ біз әлемде және шекаралас елдерде жағдайдың қандай екенін көріп отырмыз. Яғни, коронавирустың жаңа штамдары тез тарайды. Денсаулық сақтау министрі Нұр-Сұлтанда скрининг жүргізіліп, үнді штамы бар екенін айтты. Осыған орай, әр өңірдің әкімдері жағдайды бақылауға алуы қажет. Қазіргі таңда ВАК жиын өткізіп, Нұр-Сұлтан қаласында және өзге де өңірлерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту жөніндегі шараларды қарайды, - деді Тоғжанов Үкімет отырысында.
Ол өз сөзінде адам көп шоғырланатын жерлерде қашықтық сақталуы керек екенін де айтып өтті.
–Азаматтар жеке қорғаныс құралдарын қолдануы керек. Сонымен қатар, барлық аймақта мониторингтік топтардың жұмысын күшейту қажет, - деді Тоғжанов.
Ал қоғамдық орындарға келгендер карантин талаптарын қатаң сақтап, «Ashyq» қосымшасы бойынша өтуі тиіс. Сондай-ақ, барлық өңір әкімдері мен мемлекеттік органдар осы жағдайды бақылауы тиіс екенін айтты.