Қазақстанда нотариус құжаттарына QR-код беріледі

Қазақстанда нотариус құжаттарына QR-код беріледі

Қазақстанда нотариустарда расталған құжатқа QR-код беріледі, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы әділет вице-министрі Азамат Әмірғалиев мәлімдеді

2022 жылы Бірыңғай нотариалдық ақпараттық жүйеде құжаттарды сақтауға арналған орталықтандырылған электрон репозиторий құру жоспарланған.

- Болашақта нотариустар қағаз мұрағатынан бас тартады. 1 шілдеден бастап жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді ресімдеу үшін барлық өңірге ортақ жүйе енгізіледі. Егер бұрын бұл мәмілелер орналасқан жері бойынша нотариуста куәландырылған болса, енді тараптар орналасқан жеріне қарамастан кез келген нотариус қызметіне жүгіне алады. Бұдан бөлек әрбір нотариус құжатына QR-код беріледі. Ол бірегей және құжатты бұрмалаудың алдын алады, - деді ол.

Сондай-ақ, электрон құжаттарға қағазға балама ретінде тең құқық беріледі.

- Бұл азаматтардың уақытын үнемдеуге және құжатты пошта және курьер арқылы жіберуден аулақ болуға мүмкіндік береді, - деді Азамат Әмірғалиев.

Тағы бір жаңалық - құқықтар мен заңды талаптарды тоқтатуды тіркеу бір жұмыс күнінде қаралады. Бұл меншік иелеріне өз мүліктерін тез арада өткізуге мүмкіндік береді.

Ел Президенті бұл заңға осы жылдың ақпанында қол қойды.