Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалы ашылады

Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалы ашылады

Талантты жастардың елден кетуін азайту мақсатында Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалы ашылады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин айтты.

Үкімет басшысының айтуынша, университеттердің білім беру бағдарламалары кәсіби стандарттар негізінде 100% жаңартылса, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігі артатынын атап өтті.

- Дарынды жастардың елден кетуін азайту мақсатында шетел университеттерінің филиалдарын ашу жоспарланып отыр, - деді Асқар Ұзақбайұлы үкімет отырысында.

Мамин білім министрлігіне ең мықты 20 жоғары оқу орнын іріктеп, олардың тізімін 25 наурызға дейін Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі жөніндегі кеңесте қарау үшін үкіметке енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ, жастар бірінші мамандығын тегін алуы үшін биыл колледждерде гранттар саны 20 мың орынға дейін ұлғайтылады.

Премьер министр облыс әкімдеріне 9 және 11-сынып оқушыларын алдын ала кәсіби бағдарлау бойынша жұмыс жүргізуді жүктеді.

Білім министрі Асхат Аймағамбетов бес жыл ішінде республикада 5 жетекші шетелдік жоғары оқу орнының кампустарын ашу жоспарланып отырғанын нақтылады.

Сонымен қатар, QS WUR рейтингіне (Әлемдік университеттер рейтингі) кіретін қазақстандық жоғары оқу орындарының саны 15-ке дейін артады.

Студенттерді жатақханалардағы орынмен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға қарай кемінде 50 мың жаңа орын пайдалануға беріледі.