Қазақстанда Түркітілдес елдердің жастар саммиті өтеді

Қазақстанда Түркітілдес елдердің жастар саммиті өтеді

Биыл «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» атты Түркітілдес елдердің жастар саммиті өткізіледі, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты.

- Жастар саясатын жүзеге асыру барысында шет мемлекеттермен өзара тәжірибе алмасу да үнемі назарда. Бұл ретте, биыл халықаралық деңгейде «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» Түркітілдес елдердің жастар саммитін, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңес» елдерінің жастар форумын өткізу жоспарда бар, - деді министр.

Сонымен қатар ол отбасы саясаты бағытында 2030 жылға дейін гендерлік және отбасылық саясат тұжырымдамасын іске асырудың іс-шаралар жоспарының» екінші кезеңі бекітілгендігін айтты. Тұжырымдама негізінен отбасы институтын нығайту, репродуктивті денсаулық күтімі, гендерлік теңдік, тұрмыстық зомбылықты болдырмау мәселелерін қамтиды.

- Оның ішінде тұрмыстық зомбылықпен күрес мәселесі өте өзекті. Өкінішке орай, былтырғы карантиндік оқшаулану кезінде тұрмыстық жанжал фактілері күрт өскені білінді. Ал бұл мәселемен айналысатын орталықтар еліміздегі тек ірі қалаларда ғана шоғырланған. Қазір ел аумағында тұрмыстық зомбылық құрбандарына арналған 65 дағдарыс орталығы жұмыс жасайды. Дегенмен бүгінде әрбір аудан және қалада осындай орталықтар ашу қолға алынуда. 2025 жылға дейін олардың санын 234-ке жеткізу көзделіп отыр, - деді Аида Балаева.