Қарағанды фармацевтикалық кешені Қазақстанда жасалған «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник – V») коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркеуді аяқтады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
- 13 ақпанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Сараптама ұйымы тіркеу дерекнамасының материалдарын қарау нәтижесі бойынша вакцинаның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы қорытынды берген. Аталған қорытынды негізінде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тіркеу куәлігін алуға өтінім жолданды. Осылайша, Қазақстан «Спутник-V» вакцинасын қолдануды мақұлдаған 27-ші мемлекет болды,- деп жазды кәсіпорынның баспасөз қызметі.
ҚФК алаңы ресейлік субстанциядан өнімді өндіруге анағұрлым дайын болып шықты. РТИҚ мамандары жүргізген техникалық аудит нәтижесі өндірістік алаңның коронавирусқа қарсы вакцинаның дайын түрін шығару үшін барлық талаптарға сәйкес келетінін растады.
Ақпан айының соңында еліміздің барлық өңірлеріне ҚФК өндірген «Спутник - V» вакцинасының 90 мыңға жуық дозасын жеткізу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінде атап өткендей, Қазақстанда жергілікті әзірлеушілердң болуы, сондай-ақ вакциналар өндірісі үшін жергілікті алаңдардың болуы – бұл вакцинамен қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді азайтуға және еліміздің эпидемиологиялық ахуалының тұрақтануына елеулі ықпал етуге мүмкіндік береді.