Бүгін «Қазақстанның 100 жаңа есімі - 2021» жобасына өтінімдерді қабылдау басталды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының төртінші кезеңінің басталғанын мәлімдеді. Өтінімдерді қабылдау 22 ақпаннан 15 наурызға дейін 100janaesim.ruh.kz сайтында жүзеге асады.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жоба 2017 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен жарық көріп, биыл да жалғасын тапты.
–Биылғы байқау – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылуда. Осы жылдар ішіндегі еліміздің табыстары – ел азаматтарының ерен еңбегінің жемісі. Жақсыдан үйрен деген халқымыз жас ұрпақты осындай адамдардан өнеге алуға тәрбиелеген, - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.
Жобаға елде және елден тыс жерлерде тұратын қазақстандықтар қатыса алады. Қатысушылардың өтінімдері келесі 7 номинация бойынша іріктеледі: медицина, білім беру, ғылым және инновация, экология, мәдениет және спорт, бизнес, қоғам.
Барлық өтінімдер модерациядан өтеді, кейін сайтта жарияланады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін бүкілхалықтық онлайн дауыс беру басталады. Сондай-ақ, өтінімдердің белгілі бір бөлігі танымал қоғам және мәдениет қайраткерлері, спорт, бизнес өкілдерінен тұратын қазылар алқасының қарауына ұсынылады. Оған қоса осы жылдан бастап өткен маусымдардың жеңімпаздары қазылар алқасының құрамына енеді.
Дауыс беру кезінде ең көп ұпай жинаған және қазылар алқасының таңдауына ілінген қатысушылар ағымдағы жылдың сәуір айында жоба жеңімпаздары болып атанады.
Фото: ашық дереккөз