ҚР Мәдениет және спорт министрлігі балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу белсенділігі мен кітап оқу мәдениетін арттыруға бағытталған «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» жалпыұлттық акциясын өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ОКҚ-де өткен онлайн брифингте хабарлады.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау, оқу мәдениетін көтеру арқылы ұлтымыздың тұтқасын ұстар ұрпағымыздың келешегіне үңілу осы жылдың басты қағидаты.Бұл шаралардың ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығы аясында ұйымдастырылып отырғаны да қуантарлық жағдай. Осыған орай, болашақ ұрпағымыздың мәдениетін, соның ішінде кітап оқу мәдениетін әлемнің дамыған елдеріндегі деңгейге дейін арттырып, олардың оқу белсенділігін әлемдік білім көкжиегінде бейімделуге сәйкес келетін деңгейге дейін өсіруге ықпал ету баршамыздың міндетіміз. Баршаңызды кітап оқуға шақырамын», - деді Нұрғиса Мұратұлы.
Вице-министрдің айтуынша, аталған акцияның мақсаты – шығармашылық интеллигенция өкілдерін, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, қазақстандық мәдениет пен спорт жұлдыздарын, жастар ұйымдары мен қоғам қайраткерлерін тарта отырып, балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу белсенділігі мен кітап оқу мәдениетін арттыруға бағытталған түрлі шаралар өткізу, балалар мен жасөспірімдер арасында кітап оқу мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқу дәстүрін қолдау.
Айта кетейік, акция аясында кітап оқу марафондарын, челлендждер, флешмобтар, book dating жазғы лагерьлер, дөңгелек үстелдер, театрландырылған қойылымдар, кітапханаларға кітаптар сыйға тарту және т.б. өткізу ұсынылып отыр.
Фото: ашық дереккөз