Келісулерді куәландыру тәртібін білесіз бе?

Келісулерді куәландыру тәртібін білесіз бе?

Келісу – бір жақты мәміле. Келісу, яғни келісім –бір тұлғаның, екінші бір тұлғаға немесе тұлғаларғабелгілі бір іс-әрекет жасауға берген рұқсаты.

Нотариустардың нотариаттық іс-әрекет жасау ережесіне сәйкес, нотариус заңдармен мiндеттi нотариаттық куәландыру белгiленген мәмiлелердi куәландырады.


Мұндай жиі жасалынатын мәмілелердіңбірі:

ортақ бірлескен меншікке қатысушылардың мәміле жасауға келісімі;

басқа жұбайдың жылжымайтын мүлікке билік етуі жөніндегі мәміле және нотариаттық куәландыруды және (немесе) заңда белгіленген тәртіппен тіркеуді талап ететін мәміле жасауы үшін жұбайының келісімі;

ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін пайдалануға жұбайының келісімі;

бірлескен кәсіпкерлікті жүзеге асыру кезінде егер іскерлік айналымда ерлі-зайыптылардың атынан олардың біреуінің әрекет етуіне жұбайының келісімі;

банктік қарыз шартын қамтамасыз етуге берілген кепілдің туындауын және өзгеруін тіркеуге кепіл берушінің келісімі;

жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу кезінде жіберілген қателерді түзетуге мүдделі тұлғалардың келісімі;

ата-аналардың, асырап алушылардың, қорғаншылардың немесе қамқоршылардың Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматының әуе көлігімен алып жүрусіз кетуіне келісімі;

он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасы азаматының ата-анасының біреуімен (қорғаншысымен, қамқоршысымен) бірлесіп шетелге тұрақты тұруға кетуіне, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын ата-анасының келісімі;

егер үй-жайдың иесі жеке тұлға болып табылған жағдайда, жеке тұлғаның заңды тұлғаның орналасқан жері ретінде үй-жайды беру туралы келісімі;

14 жастан 18 жасқа дейінгі баланың Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға келісімі;


егер үй-жайларды (тұрғын үйдің бөліктерін) жоспарланған қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) немесе үй-жайлардың шекарасын ауыстыру олардың мүдделерін қозғайтын болса, өзгертілетін үй-жайлармен (үйдің бөліктерімен) аралас үй-жайлар (үйдің бөліктері) меншік иелерінің келісімі және заңнамада көрсетілген басқа да келісімдер жатады.

Келісімді куәландыру мәмілелерді куәландырудың жалпы ережелері сақтала отырып жүргізіледі.

Келісімді куәландырған кезде,

- "Келісім" құжатының атауы; келісімді куәландыру орны мен күні; келісімге қол қойған адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні мен жері, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері көрсетілуі тиіс.

Заңнама өкілге келісім беруге жол берген жағдайларда, мұндай келісім өкілдің өкілеттігі тиісті құжаттармен расталған жағдайда куәландырылады.

Келісімді нотариус екі данада куәландырады, оның біреуі нотариустың істерінде сақталады. Оған қол қойған адамдардың санына қарамастан бір келісімді куәландыру бір нотариаттық іс-әрекет болып табылады.

Жоғарыдағы көрсетілген, нотариалды куәландыруға жататын келісім алу керек болған жағдайда, келісім беретін тұлғамен бірге, жеке басты куәландыратын құжатпен келіп, қандай келісім түрі керектігін айтып, қажетті құжаттарды ұсынып, келісім алуға болады.

Шымкент қаласының нотариусы Айнұр Тасболатова