Әкім орынбасары тікелей эфирде тұрғындардың сұрағына жауап берді

Әкім орынбасары тікелей эфирде тұрғындардың сұрағына жауап берді

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков «Отырар» телеарнасының «Халық пен билік» бағдарламасына қатысып, тікелей эфир арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Тұрғындар сұрақтарды телеарнаның байланыс нөмірі мен «Whats Aap» және «Instagram» желілері арқылы жолдады. Эфир барысында тұрғындардан түскен өзекті мәселелердің дені әлеуметтік сала мен қаладағы тозығы жеткен үйлерге қатысты болды. Тұрғындар тозығы жеткен үйлердің алдағы күйіне алаңдаулы.

–Тозығы жеткен үйлер қазіргі таңда өзекті мәселе. Оларды сүріп, тұрғындарын көшіру бойынша 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкент қаласының тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы қабылданған. Алайда, көп адамдар үйренген жерінен көшуге келісе бермейді. Сол себепті ортақ шешім қабылдап, халықтың қамы үшін құрылыс кезінде тұрғындарды уақытша баспанамен қамтамасыз ету немесе орнына тең пәтермен қамту шаралары қарастырылуда, -деді Ерғали Дәулетбекұлы.

Қазіргі таңда, қалада 2 296 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарына дейін салынған 107 үй техникалық зерттеу қорытындысы негізінде тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үй ретінде сүруге ұсынылған. Е.Білісбековтың сөзінше, бүгінде арнайы бағдарлама аясында тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан бұл іске инвесторларды тарту жұмыстары да жүргізілуде.

Бір сағатқа созылған эфирде әкім орынбасары өзі жетекшілік ететін тұрғын үй, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының жұмысын қысқаша баяндап, көрермендердің сұрақтарына толық жауап беруге тырысты.

Сонымен қатар, әкім орынбасары азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн қабылдады.

Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков тұрғындарды жеке қабылдауы алдын-ала жазылу бойынша, аптаның бейсенбі және жұма күндері онлайн түрде қабылдайды.