Үкімет отырысында өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары да пысықталды

Үкімет отырысында өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары да пысықталды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, республикалық бюджеттің атқарылу және өрт қаупі бар кезеңге дайындық шаралары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қаңтар-сәуір айларында ел экономикасының 5%-ға өскенін баяндады. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалған.

Үкімет басшысы министрлер мен түрлі деңгейдегі әкімдерге экономиканы одан әрі әртараптандыруда және тұрақты жұмыс орындарын құруда кешенді шараларды жалғастыруды тапсырды.

Қазгидрометтің болжамына сәйкес, жаз мезгілі жылдағыдан ыстық әрі құрғақ болады деп күтілуде. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Бүгінгі отырыста өрт қауіпсіздігін алдын алу шаралары да пысықталды.

Қазір өңірлер осы бағыттағы жұмыстарға қызу кіріскен. Шымкентте де тілсіз жауды алдын алу шаралары жоспар аясында жүргізілуде. Әлихан Смайылов табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелерін белсенді түрде енгізу қажеттігіне тоқталып, дайындық жұмыстарын сапалы ұйымдастыруда бірқатар тапсырмалар жүктеді.