Өңірлердегі саяси және экономикалық ахуалды жүйелі түрде жетілдіріп отыру уақыт талабы. Өздеріңізге мәлім, Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталған Жолдауында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге ерекше тоқталып, аймақтарды дамыту мемлекеттің басты ұстанымы екендігін айтты. Әрине, мемлекеттің дамуы өңірлердің гүлденуіне, өркендеуіне тікелей байланысты. ⠀
Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуда, трансформациялауда «Қуатты өңірлер – қуатты ел» ұстанымының маңызы зор. ⠀
⠀
Дербес жаңа үш облыс: Абай, Ұлытау және Жетісу облыстар құру – тек экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Осыған орай, Қазақстан картасында үш жаңа облыстың пайда болуы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге жасалған нық қадамдар дер едім.⠀ ⠀
Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгерістер енгізу қалыптасқан аумақтық-экономикалық байланыстардың өзгеруіне және жаңа қатынастардың пайда болуына ықпал етіп, өңір үшін жаңа мүмкіндіктер әкеледі.⠀
⠀
Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру, сөз жоқ, олардың тұрмысын жақсартуға көмектеседі, дәлірек айтсақ, экономиканың, өнеркәсіптің жақсаруына оң септігін тигізіп, халықтың өмір сүру сапасы жақсарады. Өңірді дамытуға қаржы бөлінеді, олардың жеке бюджеті болады.⠀
⠀
Мұнда тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік-мәдени сала.⠀Аймақтардың дамуына басымдық жасауда, әсіресе, әлеуметтік нысандардың көбеюі, халыққа қызмет көрсету сапасының артуына алып келмек. Бұл өз кезегінде демографиялық өсімді арттырады. Сапалы демография кез келген елдің басты тірегі. ⠀
Қуатты өңірлер жайлы сөз қозғағанда логистика мен туризм жайлы айтпау кету мүмкін емес.⠀Тиімділік, қолжетімділік, сапа, жергілікті өнім, халықаралық⠀деңгейге дейінгі⠀ұғымдар десек, инвестиция мен туризм салалары нағыз бүгінгі күннің өзекті қырлары болыр отыр. ⠀
Әкімшілік-аумақтық өзгерістер сондай-ақ, мемлекеттік басқару үдерісін де жеңілдетеді. Өз кезегінде жаңа әкімшілік аумақ басқару ісін жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізеді.⠀
Мегаполис мәртебесі қаламыздың дамуына ерекше қарқын берді. Шымкент бүгінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың алдыңғы қатарында. Биыл жыл басында Шымкент қаласында жаңадан Тұран ауданы бесінші аудан болып құрылды. Тұран ауданы мегаполис аумағының 32%-ын құрайды, ал⠀халық саны 220 мыңнан асады.⠀
Мегаполис республикалық маңызы бар дербес қала мәртебесіне ие болған 4 жылдың ішінде, қала бюджеті 4 есеге артты. Соның арқасында әлеуметтік мәселелер жылдам өз шешімін тауып, ең қарқынды дамып келе жатқан аймақ ретінде саналады.⠀
⠀
Елімізде экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, ел ішінде ұлттық өндірісті жолға қою, қоғамдық әл-ауқатты арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында әлі де күрмеуі шешілмеген мәселелер бар. ⠀
Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанды қалыптастырудағы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың ішінде өңірлердің дамуына берілген басымдық ерекше. ⠀
⠀
Рысбаева Сауле Жақсыбайқызы, ⠀
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының доценті, саяси ғылымдар кандидаты