Қазақстанда 1 наурыз бен 15 мамыр аралығында көктемгі аң аулау маусымы ашылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді.
Көктемде тиісті аңшылық шаруашылығы субъектісі қорықшысының бақылауымен қоңыр аю, үйрек, қара торғай және тізімде көрсетілген басқа да жануарларды аулауға рұқсат етіледі.
Айта кетейік, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. бұйрығымен бекітілген аң аулау қағидаларының 19-тармағы негізінде аң аулау маусымының басталуы туралы бұйрық шығарады.
Көктемгі аң аулау ережелеріне сәйкес, үйректі аулауға тек аңшыда жасанды үйрек немесе тұлыбы болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Егер жануарлар дүниесін пайдалану талаптары мен аң аулау қағидалары бұзылған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабына сәйкес жеке тұлғаларға 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салу не әкімшілік құқық бұзушылық құралдары тәркіленіп, 2 жылға дейінгі мерзімге аң аулау құқығынан айыру түріндегі ең жоғарғы жаза көзделген.