Құқық бұзушылықтың алдын алуда профилактикалық шаралар күшейтілді

Құқық бұзушылықтың алдын алуда профилактикалық шаралар күшейтілді

Қаламызда жастар мен кәмелетке толмағандар арасында қылмысты азайтуда іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл бағытта жауапты органдар тарапынан профилактикалық шаралар күшейтілген.

Мәселен, Тұран ауданы әкімінің аппараты аудандық полиция қызметкерлерімен бірге жыл басынан бері түнгі сағат 22.00-ден кейін қала аумағында көшелер, саябақ және ойынханаларда кәмелет жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша 52 рейдтік іс-шара ұйымдастырған. Нәтижесінде қадағалаусыз жүрген жасөспірімдердің ата-аналарына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Еңбекші ауданында жыл басынан бері 117 рейдтік іс-шара өткізіп, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес жалпы 890 хаттама толтырған. Оның ішінде, кәмелетке толмаған балалары түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүргені үшін 820 ата-анаға ескерту берілген. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болғаны үшін 45 ата-анаға айыппұл салынған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін 25 ойын-сауық мекемесіне әкімшілік хаттама толтырылып, айппұл салынған.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудан әкімі аппаратының бастамасымен аудандық прокуратура, полиция басқармасымен бірлесіп, ойынханаларда және қоғамдық орындарда жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау, нашақорлықтың алдын алу және түнгі мезгілде (23:00 -ден 01:00-ге дейін) кәмелет жасына толмағандардың заңды өкілінсіз жүруін анықтау бойынша жыл басынан 83 рейттік іс-шара өткізген. Нәтижесінде 1095 хаттама түзілген.

Қаратау ауданында жыл басынан бері 100-ге жуық рейдтік іс-шара өткізді. Рейд барысында 755 хаттама толтырылған. Оның ішінде,

кәмелетке толмаған балалары түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүргені үшін 708 ата-анаға ескерту берілген, ойын-сауық орындарында болғаны үшін 30 ата-анаға айыппұл салынды, 17 ойын-сауық мекемесіне әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.

Жауапты орган өкілдері ата-аналардың өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне ерекше мән беріп, бос уақыттарында немен айналысатынына қатаң бақылау жасау қажеттігіне баса назар аударуды ескертеді.