​КӨЛІК САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ТӘЖІРИБЕЛІК-ТАНЫМДЫҚ ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

​КӨЛІК САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ТӘЖІРИБЕЛІК-ТАНЫМДЫҚ ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Шаһарда көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай сала мамандарына арналған бірқатар тәжірибелік-танымдық іс-шаралар өтті. "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – сала қызметкерлерінің еңбегін насихаттау, кәсіпорындар арасында тәжірибе алмасу, серіктестікті нығайту, үздік мамандарды марапаттау.

Атап айтқанда, «NOMAD MOTORS SHYM» ЖШС-да (KIA дилерлік орталығы) өткен іс-шараға “Жол-көлік колледжі” МКҚК-ның әкімшілік өкілдері, арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері, колледж білім алушылары, талапкерлер қатысты. Қатысушыларға өндірістік процестер мен заманауи құрал-жабдықтар таныстырылып, автокөліктерге қызмет көрсету және жөндеудің жаңа тәсілдері көрсетілді.

Қалалық білім басқармасының бас маманы Айгүл Рүстемова жұмысшы мамандықтар жылы аясында атқарылып жатқан жұмыстар, мақсатты білім беру тапсырысы, әлеуметтік серіктестікті дамыту аясындағы жобалардан хабардар етті.

Сондай-ақ, бүгінгі бағдарлама аясында «Автокөлікті бояу процесінде қолданылатын жаңа технологияларға шолу» тақырыбында шеберлік сағаты көпшілік назарына ұсынылады. BASF концернінің Ұлттық эксперті, «COLORFACTORY GROUP» компаниясының техникалық директоры М.И.Романовтың автокөліктерді бояуда қолданылатын заманауи химиялық және технологиялық шешімдермен таныстыруы жоспарланған.

Тәжірибелік-танымдық іс-шаралар кәсіпорын мен білім беру ұйымдары арасындағы әріптестік байланысты нығайтып, білім алушылардың болашақ кәсіби бағытын анықтауға септігін тигізбек.

«Шымкент келбеті»